• 2016-07-27-001.jpg
  • 2016-07-27-001.png
  • 2016-07-27-002.jpg
  • 2016-07-27-003.jpg
  • 2016-07-27-004.JPG
  • 2016-07-27-005.JPG
  • 2016-07-27-006.JPG
  • 2016-07-27-007.JPG
  • 2016-07-27-008.jpg
  • 2016-07-27-009.jpg

Ақжайық ауданы 1997 жылы бұрынғы Чапаев және Тайпақ аудандарының біріктірілуі негізінде құрылған облыстағы ірі аудандардың бірі. Аудан Батыс Қазақстан облысының орталық бөлігін алып жатыр. Аумағы - 25,7 мың шаршы км. Тұрғыны - 41192 адам. Орташа қоныстану тығыздығы - 1 шаршы км-ге 1,7 адам. 52 елді мекеннің басым бөлігі Жайық өзенін жағалай орналасқан. Орталығы - Чапаев ауылы. Аудан құрамына 18 әкімшілік - аумақтық бөлініс - Ақжол, Ақсуат, Алмалы, Алғабас, Базартөбе, Базаршолан, Бударин, Есенсай, Жаңабұлақ, Жамбыл, Қабыршақты, Қарауылтөбе, Қурайлысай, Көнеккеткен, Мерген, Сарытоғай, Тайпақ, Чапаев ауылдық округтері кіреді. 21 ұлт өкілі тұрады.

Аудан облыстың 7 ауданымен және Атырау облысымен шектеседі. Аудан жерімен Орал - Атырау, Чапаев - Жалпақтал, Чапаев - Жаңақала күре жолдары өтеді.

Аудан аумағында елдімекендердің басым бөлігі табиғи газ отынын пайдалануда. «Таза су», «Ақбұлақ» «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес 24 елдімекен ауыз сумен қамтылған. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту-2020» бағдарламасы аясында бөлінген көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтуде.

1931 жылдан аудандық «Жайық таңы» қоғамдық-саяси газеті шығарылып келеді.

Аудан жері жазық, күнгей бағытта еңістей береді. Жайық өзені аудан жерін Еуропалық және Азиялық бөлікке қақ жарып ағады.

Өсімдіктер дүниесі - ақ жусан, қара жусан, мия, бидайық, еркек шөп,теріскен, шытыр, сүттіген, тобылғы, қоңырбас т.б. Тоғайлықтарда - қараағаш, көктерек, үйенкі, емен (сирек), қайың (өте сирек), жыңғыл т.б. Орал педагогикалық институтының оқытушылары, есімдері Одаққа жақсы танымал ғалымдар В.В.Иванов, Е.А.Ағелеуов, А.Ю. Богданов, А.З.Петренко ұзақ жыл аудан аумағында геоботаникалық ауқымды зерттеулер жүргізіп, мұндағы табиғи ландшафты қорғау, жекелеген өсімдік түрлерінің таралу ареалы, экосистема тепе-тендігін сақтау т.б. көкейтесті проблемаларға қатысты аса құнды ғылыми-практикалық еңбектер жазды. Жануарлары - қасқыр, түлкі, сарышұнақ, қосаяқ, қоян, күзен т.б. Құстары - боз торғай, қыстау қарлығашы, безгелдек, дуадақ, қарақұс, қырғи, тырна (сирек), аққу (өте сирек) т.б.

Білім беру ісі бойынша ауданда 2 аграрлық-техникалық колледж, 24 орта, 12 негізгі, 10 бастауыш, 2 саз мектептері, балалар шығармашылығы, туризм және экология орталықтары мектеп жасындағы балалармен оқу-тәрбие процесін жүргізеді. Сонымен бірге 9 балабақша, 3 мектеп-бөбекжай, 33 шағын орталық, 2 жеке балабақша, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, туризм және экология, балалар шығармашылығы орталықтары, мектеп жанында 5 интернат жұмыс жасауда. Бұлардың материалдық-техникалық базасы заман талабына сай нығаюда. Жайық жағасындағы «Атамекен», Шалқар көліндегі «Ақ шағала» лагерлері, мектептер жанындағы тынығу орындары оқушыларымыздың 95 пайызын тиімді жазғы демалыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы кезде денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бар. Аудан орталығында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған ауысымына 250 адамды қабылдайтын көпсалалы емхана тұрғындарға қызмет етуде. Оған қоса, аудан бойынша 1 аудандық орталық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 11 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік акушерлік пункт, 31 медициналық пункт және 120 төсек орындық стационар жұмыс жасауда. 58 дәрігер, 293 орта буын медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Аудан аумағындағы барлық елдімекен тұрғындары емдеу-сырқаттың алдын-алу мекемелері жүйесімен қамтылған.

Қайсыбір елді мәдениетіне қарап танитыны мәлім. 18 ауылдық округі бар ауданымызда 28 мәдениет үйі мен клуб, 45 кітапхана, аудан орталығында мәдени-демалыс орталығы, «Жастар» мәдени орталығы рухани байлығымызға қызмет жасауда. Аудандық Ұлт-аспаптар оркестрі, драма үйірмесі, «Сымбат» бишілер ансамблі «Халықтық» атағын алған. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша аудан орталығындағы тарихи- өлкетану мұражайын, бауырластар зиратын, аудан аумағындағы ресми қорғауға алынған бірнеше тарихи, мәдени, сәулет ескерткіштерін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орта мектептер жанынан мұражайлар жұмыс жасауда.

Ауданның тұңғыш тарихи-танымдық анықтамалығы жарық көрді.

Дене тәрбиесі және спорт шараларының бұқаралық сипат алуына барынша жағдай жасалған. Аудан бойынша «Жігер» спорт клубы, 2 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, 45 спорт алаңы бар.

Аудан жері мал шаруашылығы үшін өте қолайлы. Шаруалар түлік тұқымын асылдандыруға бет бұруда. Ауданда бау-бақша өсіру де кең қанат жайып отыр. Қарбыз өсіруді негізгі кәсібіне айналдырған бақшашыларымыз аз емес. Ел аузында «Тайпақ қарбызы» атымен тараған қарбыздар жыл сайын аудан және Орал қаласы мен облыс аумағына таратылады. Қарбызбен қатар қауын, басқа да бау-бақша өнімдері шығарылады. 2017 жылы Алмалы ауылдық округінде «МұнайКонтакт» ЖШС 9 га жерге тамшылатын суару әдәсән қолданып алма бағын отырғызды.

Аудан бойынша мүйізді ірі қара саны-79396, жылқы-31533, қой-ешкі-218770, түйе -204. «Сыбаға» бағдарламасы басталғалы  85 шаруа қожалығы 1037,2  млн. теңге несие алып, 194 бас асыл тұқымды бұқа мен 5050 бас аналық мал сатып алды. «Құлан» несие бағдарламасы бойынша 2014-2017 жылдар аралығында 29 шаруа қожалығы 463,7 млн.теңге несие алып, 39 бас асыл тұқымды айғыр және 1438 бас бие сатып алды.

2017 жылы «Ақжайық Агро» несие серіктестігі арқылы «Қанат», «Іскер» жаңа несиелендіру бағдарламалары ашылып, соның ішінде «Қанат»  бағдарламасы бойынша 5 шаруа қожалығы36,0 млн.теңге, «Іскер» бойынша 7 шаруа қожалығы 36,5 млн.теңге несие алды. «Береке» бағдарламасы бойынша 81 адам 308,1 млн.теңге несие алып 1628 бас ірі қара малын алып бордақылаумен айналысуда.

Аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттілігіне байланысты жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту мақсатында 46 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс жасайды. Олардың 28-і тұқымдық түрлендірумен, 16-сы мал бордақылаумен, екеуі сүт өндірумен айналысуға бағытталып отыр.

Ауданда кәсіпкерліктің өрістеуіне жол ашылып, жаңа сауда, басқа да қызмет орындары көбейіп келеді. 2017 жылдың басында аудан ортылығы Чапаев ауылында көпсалалы«Керемет» кешені ашылып, жұмыс жасауда. Жуырда Орал-Атырау күре жолының бойында Бударин ауылының тұсында «Ақорда» кешені ашылды. Аудан бойынша ресми тіркелген 150 заңды, 761 жеке кәсіпкерлер 102,0  млн.теңгенің өнімін өндірілді.

2017 жылдың басынан ел өңірлерінде жүзеге асырыла бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 36 адам 150,4 млн. теңге несиге қол жеткізді. Олардың 33-і мал бағуды мақсат етсе, 3-і әр түрлі салаларда қызмет көрсетуге несие алды.

Мұның барлығы - аудан халқының игілігі үшін жүргізілген жұмыстар.


 


Ауа райы