11 Желтоқсан 2019
105

ЖАЙЫҚҚА АУЫЗ СУ КЕЛДІ

Аудан орталығынан 4 шақырым жерде орналасқан Жайық ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы биыл ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүрген болатын.

Мереке қарсаңында тұрғындардың тұтынуына берілген тіршілік нәрі – ауыл жұртының көптен күткен жаңалығы. Жайық жұртшылығының қуанышына сол күні жұмыс сапарымен ауданымызда болған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы ортақтасты. Салтанатты шарада сөз алған облыс басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтаған мердігерлерге алғысын білдірді. – Құрметті жерлестер, барлығыңызды келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын! Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында көптеген бағдарламалар қабылданып, тың бастамалар бой көтеруде. Бүгінгі қуанышты шара –осының анық айғағы. Ақжайық ауданының 52 елді мекенінің 30-ы, яғни халықтың 87,4 пайызы сумен қамтылып отыр. Биылдың өзінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Шабдаржап, Томпақ ауылдары таза сумен қамтылса, жылдың соңына дейін Базартөбе, Қадырқұл, Қызылжар ауылдарын ауыз сумен қамту жоспарлануда. Екі жылға жоспарланған Кеңсуат ауылында да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осының нәтижесінде аудан 95 пайыз таза сумен қамтылатын болады – деді облыс әкімі. Еңбек ардагері, «Асыл әжелер» әжелер ансамблінің мүшесі Жұпар Ерментаева: «Тәуелсіздік алғалы ауылдарға газ, жарық тартылып, көптеген қуаныштардың куәсі болып жүрміз. Алайда аудан орталығының іргесінде отырсақ та, күні бүгінге дейін құдық суын қолданып келдік. Міне, бұл қиындық та артта қалып, таза ауыз суға қол жеткіздік. Осы орайда аудан, облыс басшылығына алғысымыз шексіз, – деді. Шараның салтанатты жиынынан соң облыс әкімі Ғали Есқалиев пен аудандық ардагер алқасының төрағасы Жігербай Қажығалиев ауыз су құбырын іске қосу рәсімін жасап, таза судың дәмін татты. Содан соң өңір басшысы зейнеткер Марфуға Дәулетованың шаңырағына соғып, дастарханынан дәм татып, хал-жағдай сұрасты. Зейнеткер өз кезегінде облыс әкіміне алғысын білдіріп, таза ауыз судың тартылуы ел игілігі екенін жеткізді. – Ауылымызда ақжарылқап қуаныш болып жатыр. Тек мен емес, күллі халық үшін игі іс атқарылды. Тұп-тұнық су үйімізге келіп тұрса, қалай қуанбайық. Бұрын қала халқында барлық жағдай жасалған деп таңғалып отырушы ек, қазір ауыл халқының жақсы өмір сүруіне бүкіл жағдай жасалған. Құдықтан шелектеп таситын судың сапасы қазіргідей болған жоқ. Халықтың игілігіне осындай бағдарламаларды іске қосқаны үшін ең алдымен Елбасына алғысым шексіз. Ел тізгінін ұстаған азаматтардың барлығы халықтың алғысына бөлініп жүре берсін, – деді Марфуға Ертілеуқызы. Жайық ауылына ауыз су жүргізу сәуір айында басталып, құбыр тарту жұмыстарын «АльфаСервисСтрой» ЖШС жүргізген болатын. Бүгінгі таңда 600-ден астам тұтынушы қосылған ұзындығы 9,727 шақырымды құрайтын су құбырын салуға республикалық бюджеттен 139,3 млн. теңге қаражат бөлінген.