11 Желтоқсан 2019
84

БЕС АУДАНҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТПЕК

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздіктің таңы атқалы қол жеткізген биігіміз аз емес. Ақжайық ауданында да шалғай елді мекендерге көгілдір отын тартылып, әр шаңырақтың ас үйі ауыз суға қосылуда.

Бұл, әрине, елімізде қабылданған түрлі бағдарламаларды аудан көлемінде жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымдаса атқарған еңбегінің арқасы. Жыл сайын жақсы жаңалықтарды жарыса жар салып жатсақ, мұны жарқын болашаққа жасалған жаңа қадам деп қабылдау керек. Тұңғыш Президент мерекесінде ауданымызда қос игілік орын алып, жақсы істер жерлестерімізді қанаттандырды.

БЕС АУДАНҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТПЕК

Өткен сенбіде, яғни ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай ақжайықтық ағайын қос бірдей қуанышты оқиғаның куәсі болды. Біріншісі, аудандық аурухана базасында жасақталған инсульт орталықтың ашылуы болса, екіншісі, Жайық ауылына ауыз су тартылуына орай ұйымдастырылған салтанатты шара. Мереке қарсаңындағы шараларға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, аудан халқының қуанышына ортақтасты. Салтанатты шарада сөз алған Ғали Нәжімеденұлы жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, толайым табыстар тіледі. «Еліміз егемендік алғалы халық қамы үшін көптеген игі істер атқарылып келеді. Солардың бірі – аудандық ауруханадан ашылғалы тұрған инсульт орталығы. Осы жерде облыстың Ақжайық, Бөкей орда, Жәнібек, Жаңақала және Қазталов аудандары тұрғындары медициналық қызмет алатын болады. Қызмет көрсету радиусы 124 мың 783 адамды құрайды», – деді өңір басшысы. Медицина саласының ардагері Рауза Шайденқызы да өз саласының өткені мен бүгініне тоқталып, қол жетіп жатқан биіктің бәрі ел саясаты мен көшбасшылардың көрегендігі екендігін тілге тиек етті. Аудан ақсақалдарының атынан сөз алған Науқан Есеналиев жергілікті дәрігерлердің жұмысына алғыс білдіріп, орталықтың ашылуы қазіргі таңда белең алған инсульт ауруын болдырмауда жасалған уақтылы әрі оң қадам екенін айтты. Салтанатты шарадан соң өңір басшысы Ғали Есқалиев пен еңбек ардагері Еділбай Меңдешев инсульт орталығының лентасын қиып, ұжыммен тілдесті.

Компьютерлік томография аппаратының жұмысымен жіті танысып шыққан облыс басшысы, күні бүгінге дейін облыс орталығынан ақылы көрсетіліп келген қызмет түрі келер жылдан бастап медициналық сақтандыру арқылы аудан халқына тегін жасалатыны көпшілікке үлкен жеңілдік екенін айтты. Облыстық бюджет арқылы жалпы құны 348 млн. теңгеге жабдықталып, жаңадан жұмысын бастағалы тұрған орталық 10 төсекке жоспарланған, яғни 7 орын ерте уақытта оңалту және 3 төсек қарқынды терапияға арналған. Сонымен қатар орталықтың жұмысы үшін құны 27 млн. 709 мың теңге тұратын аппараттар алынып, жаңа кіші операциялық зал мен экспресс-зертхана ашылмақ. Болашақта инсульт орталығында қызмет ету үшін екі дәрігер қайта даярлаудан өткен екен. Сондай-ақ аурухана стационарына талапқа сай жөндеу жұмысы жүргізілді.