• 2016-07-27-001.jpg
  • 2016-07-27-002.jpg
  • 2016-07-27-003.jpg
  • 2016-07-27-004.JPG
  • 2016-07-27-005.JPG
  • 2016-07-27-006.JPG
  • 2016-07-27-007.JPG

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевтағы «Ақжайық» балалар саяхат кешенінде Бүкіләлемдік туризм күніне орай ауылдық округтерден, мектептерден, мекемелерден 25 команданың қатысуымен аудандық VІ туриада ұйымдастырылды. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мазмұны мен мәні отансүйгіштікке, патриотизмге меңзейді. Осы бағытта ауданамызда көптеген іс-шара атқарылып келеді, оның ішінде туризмді дамытуда ілгерілеушілік байқалады. Жақында ғана ауданға сапарлап келген түлегіміз әйгілі альпинист Мақсот Жұмаев ғаламшардағы биік шыңдарды бағындырып, зор жетістікке жетуі туризм мектептерінің тәлім-тәрбиесінің арқасы екенін айтты. Алдағы уақытта бұл саланы дамытуда жасалар жұмыстар аз емес. Осындай сайыстарға тек мектеп оқушылары мен үйірме жетекшілері ғана емес, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларын да қатыстыруды қолға алу керек. Бұл біздің саламатты өмір салтын насихаттаудағы үлесіміз болып табылады әрі бірлігімізді нығайта түседі,-деді ол.

Еңбек ардагері, өлкетанушы Бақтығали Қоспаев сөз алып, мәдени-рухани мұраларымызды зерделеуге байланысты өткен уақытта аудандық туризм және экология орталығымен бірлесе атқарған жұмыстарға, тарихи орындарға жасаған сапарларға, осылардың нәтижесінде жарық көрген ғылыми-танымдық жарияланымдарға тоқталды. Туризм және экология орталығының басшысы Максим Үмбетәлиев осыған дейін қол жетізген жетістіктерді баянды етуге жұмылу жайында айтты.

Екі күнге созылған сайыстарда командалар тағам және плакаттар байқаулары, сәндік қолданбалы өнер, шатыр құрудан білгірліктерін көрсетті, «Аспалы өткел», «Маятник», «Траверс», «Қатарлас өткел», «Өрмек» бөлімдері бойынша кедергілер мен туриадалық байқау түрлерінен сынға түсті.

Шаралар қорытындысымен тағамдар байқауы бойынша Краснояр орта мектебі, плакаттар байқауынан, сәндік қолданбалы өнерден Алғабас ауылдық округі, жалпылама туртехника бойынша Бітік орта мектебі командасы І орынды иеленсе, жалпыкомандалық есепте Қабыршақты ауылдық округі командасы жеңімпаз атанды. «Ең жас турист» аталымына Еркеұлан Бақытжан (агротехколледж), «Ең үздік турист» аталымына Қолғанат Марат (Краснояр орта мектебі), «Ең үздік турұйымдастырушы» аталымына Асылғаным Жолдасқали (Мерген) лайықты деп танылып, оларға арнайы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, белсенділік танытқан үшін Алғабас орта мектебінің директоры Гүлмира Кенжеғарина, Ғ.Махамбетов атындағы орта мектептің директоры Қанапия Таспай қошеметтелді.


 

 


Ауа райы