• 2016-07-27-001.jpg
  • 2016-07-27-002.jpg
  • 2016-07-27-003.jpg
  • 2016-07-27-004.JPG
  • 2016-07-27-005.JPG
  • 2016-07-27-006.JPG
  • 2016-07-27-007.JPG

Бүгін Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевқа «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасы бойынша кешенді түсіндіру жұмысы тобының өкілдері келді. Тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен жүздесу алдында оларды аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдап, әңгімелесті. Аудан басшысы бұл топтың уақыт талабы үндеген сан қырлы ісіне сәттілік тіледі.

– Аудандағы өткір де өзекті мәселенің бірі – азаматтарымызды теріс діни ағымның зардабынан қорғау. Екпеден бас тарту, оқушылар арасында мектепке әлдебір діни атрибуттағы киім киіп барудың ұшырасуы секілді жайттар қоғамды алаңдатады. Сондықтан жан-жақты байланыста болып, дін саласындағы мамандармен тығыз қарым-қатынас жасауда алдағы уақытта да мүдделілік танытатын боламыз,-деді Ә.Т.Жоламанов.

Осыдан соң аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Бақтығалиева жүргізген кеңес өтті. Батыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасы «Діни мәселелерді зерттеу орталығының» басшысы Азамат Әбдірахманов, «Орал» орталық мешітінің наиб имамы Мұратбек Қыстаубаев сөз сөйлеп, облыстағы діни ахуал жайында баяндады. Қоғамдағы діни экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастыруда, діни сауатты көтеруде тұрғындардың, әр саладағы мамандардың да көмегі қажет екенін тілге тиек болды. Жат ағымға кеткендердің арасында біраз спортшының бар екені ойландырады. Радикалдардың шырғалаңынан азаматтарымызды сақтау үшін жұмылуға тиіспіз.

Топтың бұл сапары ауданда бірнеше күнге созылады. Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Баянгүл Семғалиева, бас маманы Дәурен Қажушев, «Діни мәселелерді зерттеу орталығының» бөлім басшысы Бауыржан Қожагелдиев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы филиалының өкілі, әйел жамағатымен жұмыстанатын теолог Гүлжәмила Ахметова аудан орталығындағы бірқатар мекемеде, мектептерде, Тайпақ, Алғабас, Қабыршақты ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездеседі.

Бекболат ҚАЛЕНОВ.

Ақжайық ауданы.


 

 


Ауа райы